Алматыда әскерилер ҰОС ардагері, қарт десантшыны 90 жасқа толуымен құттықтады (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Дәулет Оспанов Ұлы Отан соғысының ардагері Шерияз Сейітов ақсақалдың үйіне келіп, оны 90 жасқа толуымен құттықтап, көгілдір берет пен жолақ жейде және естелік сыйлық табыс етті.
None
None

«Тоқсан жасқа толғаныңыз құтты болсын! Сіз қан майданда 6-шы Гвардиялық Әуе-десанты полкының құрамында соғыстыңыз. Парашютпен жау тылына 72 рет тасталдыңыз. Ал бұл тозаққа тасталғанмен бірдей. Сондай аса қатерлі әскери операцияларды орындадыңыз. Бұл нағыз батырлық. Сондықтан, сіздің жасаған ерліктеріңіз бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Алда Жеңістің 70 жылдығы келе жатыр. Сол ұлы мерекені ойдағыдай атап өтуіңізге тілектеспін. Жүзге келіңіз», - деді Д. Оспанов.

Өз сөзінде қарт майдангер ризашылығын білдіріп, соғыстың ешқашанда болмауын, Қазақстанның бұдан әрі өсіп-өркендей беруін тіледі.

«Мен соғысқа 1943 жылы аттандым. Ол кезде Алматыда жаяу әскери училищесінде оқып жүр едім. Оны бітіре алмадым. Шұғыл бұйрық бойынша бізді пойызға отырғызып, Мәскеу түбіне алып барды. Қолбасшылық бізге «енді сендер десантшы» боласыңдар» деді. Мәскеу түбіне жиналған 3 000 жауынгер үш ай ғана дайындықтан өтті. Кейін сегіз бригадаға бөлініп, біртіндеп майданға жөнелтіле бастады. Мен 1943 жылы жаудың Демян тобының көзін жоюға, 1944 жылы үшінші Украина майданының құрамында Корсунь-Шевченко операциясына қатыстым. 1945 жылдары Одер өзені маңында, Силезияда шайқастық. Біз десантшылар болған соң ұшақпен түнде жау тылына тасталамыз. Сонда барлығы 72 рет аса қауіпті операцияларға қатысыппын. Өлеміз деп ойлғанымыз жоқ. Қасық қанымыз қалғанша жеңісті жақындатуға күш салдық. 9 мамырды Прага түбінде, орман ішінде қарсы алдым. Қазір ойлап отырсам, жалпы әскер қатарында 7 жыл 2 ай қызмет атқарыппын. Өйткені, соғыс аяқталған соң да Ресей жерінде әуе-десант әскері қатарында қызмет атқардым», - деді Шерияз ақсақал.

Елге оралған соң, ол Қазақ КСР Мемлекеттік банкі жүйесінде талай жылдар еңбек еткен.

«Мен жоғары білімім болмаған соң, банк жүйесінде ақша жинаушы инкассатор болдым. Бірақ, кейін техникумды бітірген соң, инкассалау бөлімінің бастығы қызметін атқардым. Осы салада 37 еңбек етіппін. Жұбайыммен отау құрғанымызға биыл 65 жыл толды. Мен бақытты адаммын», - деді қарт майдангер.

Сонымен қатар, Шерияз ақсақал елімізде соғыс ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілетіндігін айта келе, Елбасының ардагерлерге деген қамқорлығына ризашылығын білдірді.

«Елбасының бізге жасап жатқан сый-құрметіне үлкен рахмет. Таяуда Жаңа жылмен де құттықтады. Бізді, қамкөңіл жандарды ешқашанда ұмытқан емес. Мерекелерде құттықтап тұрады. Бұл үшін айтар алғысым шексіз. Ал халқыма бақыт тілеймін», - деді Шерияз ақсақал сөз соңында.

Соңғы жаңалықтар