Алматыда Ата заңының 20 жылдығына орай 20 полицей марапатталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мерекеге орай полицей горнизонының 20 қызметкері марапатталды. Оның ішінде 10 қызметкерге «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалі табыс етілді.
"Құрметті ардагерлер, əріптестер! Осыдан 20 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда біздің халқымыз Қазақстан елін зайырлы, құқықтық, унитарлы мемлекет ретінде тануға мүмкіндік беретін Конституцияны қабылдады. Ата заңымыз саяси, экономикалық, əлеуметтік-мəдени реформалар жүзеге асқан алғашқы кезеңнің негізгі тұғыры болды. Біздің еліміз аса күрделі жылдарды басынан өткерді. Конституциямыз мемлекеттілігіміздің нығайып, экономиканың өсуіне, халқымыздың өмір сүру сапасының артуына тың серпін берді",- деді Алматы қалалық ІІД басшысы Серік Күдебаев.
Полиция басшылығы сондай-ақ басты заңның құқық қорғау органдарының құқықтық жұмысын реттеуде маңызы мол екендігін жеткізді.
"Конституция қабылданғалы бері жаңа дəуір қалыптасты. Конституциялық құрылымның басты базалық негізі болатын ел бірлігі, ұлтаралық татулық қазіргі таңда қоғамның айнымас тірегі. Кез келген полицей адамдардың құқығы мен бостандығын қорғауда Ата заңнан айнымай құқықбұзушылықпен белсене күресуі керек. Бұл - біздің қасиетті парызымыз",- деді С.Күдебаев.