Алматыда әуесқой боксшылар арасында өткен турнирге 80 боксшы қатысты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Орталық мәдениет және демалыс саябағында әуесқой боксшылар арасында 6-шы қалалық турнир өтті. Оған барлығы 40 жұп қатысты.

«Бұл турнир қаламызда әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Бұл жолы ол «Тұран» университетінің жүлдесіне арналды. Турнирге қатысушылар саны барған сайын көбеюде. Ең алғашқы турнирге бары-жоғы 10 жұп қатысқан болатын. Одан кейінгі жарысқа 20 жұп қатысты. Содан бері турнирдің танымалдығы арта түсті. Бүгінгі турнирге 200-ге жуық адам қатысуға өтініш білдірген болатын. Бірақ, біз іріктей келе 80 жұпты шаршы алаңға шығаруды жөн көрдік. Турнирдің басты мақсаты - бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын және Қазақстанда нөмірі бірінші спорт түрі - бокс өнерін насихаттау. Бұл турнир фитнес клуб және басқа да спорт клубтарында бокспен әуесқойлық деңгейде айналысып жүрген кәсіпқой емес боксшылар арасында өткізілетін жарыс болғандықтан, мұнда әр боксшы бір рет қана рингке шығады. Жеңімпаздарға медальдармен қатар, бағалы сыйлықтар табыс етіледі», - деді осы турнирдің негізін қалаушы және ұйымдастырушысы, бокстан КСРО спорт шебері, халықаралық турнирлердің жүлдегері Ринат Танеков.

Айта кетелік, турнирге қатысушылардың жас мөлшері - 18 жастан 55 жасқа дейін. Олардың арасында қарапайым студент жастардан бастап, компания басшыларына дейін бар. Бірақ, барлығын біріктіретін - боксқа деген шынайы құштарлық. Қатысушылар 48 келіден бастап, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесі аралығында бақтарын сынайды. Әрбір боксшы өз жұбымен бір рет қана рингке шығады. Дегенмен, ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар санының артуына байланысты, алдағы уақыттағы турнирлерде арнайы турнир кестесі жасалатын болады. Онда боксшылар олимпиадалық жүйе бойынша рингке бір емес бірнеше рет көтерілетін болады.

Соңғы жаңалықтар