Алматыда Ауған соғысының ардагерлерін еске алды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 28 Панфиловшылар атындағы саябақта Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай, Мәңгілік алау мен Интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлері, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, Алматы гарнизоны әскери бөлімшелерінің басшылығы мен жауынгерлері және қала тұрғындары қатысты.
None
None

Ең алдымен саябаққа жиналған қауым Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына бас иіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін, Ауған соғысының ардагерлері бастаған қауым Мәңгілік алау мен Интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Өз сөзінде Ауған соғысының даңқты батыры, жауынгерлер арасында «Қара майор» атанған, Қазақстан Қарулы күштерінің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаев жиналған жұртшылықты бүгінгі атаулы күнмен құттықтай отырып, Ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлердің ерліктері ешқашан да ұмытылмайтындығын айтты.

«Ауған соғысының аяқталғанына мінеки 27 жыл уақыт өтті. 10 жылға созылған сол бір сұрапыл соғыста талай боздақтарымыздан айрылдық. Бірақ, олардың ерліктері ешқашан да ұмытылмайды. Интернационалист жауынгерлер өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындады. Міне, 27 жылдан бері еліміз жаңа кезеңде өмір сүріп келеді. Енді аналарымыз ұлдарын әскерге жіберуден қорықпайды. Сұм соғыс енді ешқашан да болмасын», - деді отставкадағы полковник Б. Керімбаев.

Бұдан кейін де бірқатар ауған соғысының ардагерлері сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты осы атаулы күнмен құттықтап, ел тәуелсіздігі мен бейбітшілігінің баянды болуын тіледі.

Жиын соңында Алматы гарнизонына қарасты әскери бөлімшелер мен әскери жоғары оқу орындарының курсанттары салтанатты түрде ардагерлер алдынан сап құрып өтті.

Айта кетелік, осыдан дәл 27 жыл бұрын - 1989 жылы 15-ші ақпан күні Кеңес әскерлері Ауғанстаннан біржола шығарылған болатын. Соғыс 1979 жылдың желтоқсан айынан 1989 жылдың 15-ші ақпанына дейін созылды. Оған Қазақстаннан 22 269 жауынгер қатысты. 924 жауынгер қаза тауып, 1015 жауынгер елге мүгедек болып оралды. Ал 19 жауынгер із-түссіз жоғалды. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігі қашанда елге мұра, ұрпаққа ұран болары сөзсіз.
null
null
null
null
null
null
null
null
null
null
null
null
null
null

Соңғы жаңалықтар