Алматыда Айдын Айымбетов №92-ші мамандандырылған лицей оқушыларының шығармашылық жұмыстарымен танысты (ФОТО, ВИДЕО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қазақтың үшінші ғарышкері, Халық қаһарманы, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының вице-президенті Айдын Айымбетов пен Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири Махатма Ганди атындағы №92-ші мамандандырылған лицейде қонақта болды.

Алматыда Айдын Айымбетов №92-ші  мамандандырылған лицей оқушыларының шығармашылық жұмыстарымен танысты (ФОТО, ВИДЕО)

Лицей директоры Ерұлан Жиенбаевтың «ҚазАқпарат» тілшісіне хабарлауынша, кездесу барысында қонақтар лицей оқушыларының шығармашылық жұмыстарымен танысты.

Әсіресе, мектеп базасында өсімдік зиянкестерімен биологиялық жолмен күресуді зертханалық жағдайда зерттеу жүргізіп жатқан «Биозерттеушілер» тобының жұмысы қонақтарды ерекше қызықтырған.

Алматы қаласына сырттан жеткізілетін жеміс пен көкөніс құрамындағы С дәрумендері мен нитраттарды анықтау жұмыстарымен, сондай-ақ зертханалық жағдайда ластанған суды химиялық жолмен тазартуды қолға алған «Жас химиктер» тобы да өз жұмыстары туралы баяндады.

Ал «OMIX» робот техникасы клубының мүшелері болса өздері құрастырған температура және ылғалдылық датчиктері арқылы өрт жағдайын анықтайтын өрт сөндіруші роботты, arduino бағдарламасы арқылы қашықтықтан басқарылатын «Луноход» сияқты жаңа робот түрлерін көрсетті.

Клуб жұмыстарымен танысқаннан кейін мәжіліс залында 8-ші және 10-шы сынып оқушылары қонақтарды ресейлік профессор Владимир Ждановтың Бейтс теориясы негізіндегі көз жаттығулары ғылыми жобасымен таныстырды.

Осы оқу жылында Ресей Федерациясының Туапсе қаласындағы «Орленок» Бүкілресейлік балалар лагерінің базасында ұйымдастырылған «Ғарыштың біріктіруімен» атты халықаралық аэроғарыштық ауысым шарасына қатысып келген лицей оқушылары өз әсерлерімен бөлісті.

Сондай-ақ, лицейдегі «RadioLAB» клубының мүшелері Айдын Ақанұлына ұжымдық радиостанса құру барысындағы жұмыстарын көрсетіп, ғарышкер ағаларының үлкен ризашылығы мен «тамаша» деген бағасын алды.

Сонымен қатар клуб мүшелері лицейдің УҚТ (ультрақысқа толқын) трансивері арқылы Алматы қаласының

UN6GDL, UN6GL, UN8QEY радиоәуесқойларымен радиобайланыс орнатып қонақтарды таң қалдырды.

(https://www.youtube.com/watch?v=-lzaapHwBkw&feature=youtu.be)

Кездесу соңына қарай Айдын Ақанұлы ұстаздар мен оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, лицей базасында танысқан ғылыми жобаларға байланысты өз ойын білдірді.

Кездесу соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Аимбетов Аимбетов Аимбетов