Алматыда әйел адам жүргізуші куәлігін басқа текпен алған

Шара барысында Алматы полициясы айыппұл төлемеушілерді анықтау барысында автокөлік жүргізу құқығынан айрылған әйелді ұстады. Ол басқа текпен жүргізуші куәлігін қайта жасатып алған екен.
«Әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесінің қиылысында полиция экипажы «Лексус» маркалы автомашинасын тоқтатқан болатын. Рөлде 35 жастағы әйел отырды. Тексеру барысында ол 2015 жылы азаматша К.-ның атына алынған жүргізуші куәлігін көрсетті.
Деректер базасына қарасақ, бұрын бұл әйелдің басқа тегі болғандығы, жүргізуші куәлігін 2003 жылы алғандығы анықталды. Алайда, бұл жүргізуші 2015 жылы қарашада жол-көлік апатына себепкер болып, оқиға орнынан із жасырған. Осыған байланысты оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 611-бабының 2-ші тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сөйтіп, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың үкімімен бұл әйел 2015 жылдың 22 желтоқсанынан бастап 12 айға жүргізуші куәлігінен айрылған. Бірақ, көрініп тұрғанындай, пысықай автоәуесқой заңды айналып өтіп, тегін К.-ға өзгертіп, жаңа куәлік алып алған. Тағы бір қызығы, биыл маусым айында азаматша К. тегін тағы да Б.-ға өзгертіп, аты-жөнін растайтын жаңа куәлік алыпты. Осылайша, бұл әйел құқық қорғау органдарын қасақана адастырып, жауапкершіліктен құтылып кетпекші болған. Осындай құқықбұзушылық әрекеттер жасағаны үшін жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 3-ші тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды. Ал, К.-ның атындағы жүргізуші куәлігі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 795-бабына сәйкес тәркіленді», - деді Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Қазіргі таңда Алматы полициясының жеке құрамы қасақана айыппұл төлемеушілерге қатысты ықпал ету шарасын қолданып жатыр.
«Әкімшілік айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлі түрде орындату мақсатында сот орындаушыларына жалпы сомасы 200 млн.-нан астам теңгеге 18 мыңнан астам материал жіберілді. Олардың ішінде қазақстандықтармен қатар, шетелдік азаматтарға қатысты қозғалған материалдар да бар», - деді полковник Алмасбеков.