Алматыда әйелді тонаған қарақшылар ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласында әйелді тонаған екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Медеу аудандық полиция басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, күдіктілер бұрын бірнеше рет сотты болған 34 жастағы А. және 44 жастағы Т. есімді азамат. Олар әйелдерді тонау үшін алдын ала келісім бойынша базарға келген. Сосын Мақатаев пен Зенков көшесінің қиылысында тұрып, өтіп бара жатқан адамдар арасында алтын алқасы бар әйелдерді іздеген.
«Күдіктілер әйелдің артқы жағынан жүгіріп келіп, алқаны жұлып әкеткен. Содан кейін олар қылмыс орнынан бой тасалаған. Бірақ осы жолы олар алысқа ұзап кете алмады. Оларды біздің бөлімнің қызметкерлері ізін суытпай ұстады. Күдіктілердің бірі бұрын Түрксіб аймағында осыған ұқсас қылмысы үшін сотталған. Оның есірткіге тәуелді екені анықталды», - деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.
Қазіргі уақытта күдіктілер Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
