Алматыда азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған үш күдіктінің бірі ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған үш күдіктінің бірі ұсталды, - деп хабарлайды Алматы қаласының ІІД баспасөз қызметінен.
None
None

Мәлім болғанындай, бұл қылмысты Алматы қаласының жол-патрульдік полиция қызметкерлері әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттің жолын кесу барысында ашқан.

Кеше, 15 қаңтар күні түнгі сағат 23:00-ден асқан шақта Алатау ауданында кезекшілік қызметте жүрген «Боран-304» патрульдік экипажының көзіне Момышұлы мен Ақын Сара көшелерінің қиылысынан, бағдаршамның тыйым салған белгісіне қарамастан, жоғары жылдамдықпен өтіп бара жатқан «ВАЗ-2114» автокөлігі түседі. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін автокөлік тоқтатылды.

«Жүргізушінің тәртібі инспекторларға бірден күдік туғызды. Оның үстіне аты-жөнін анықтайтын және көлікке қатысты бірде-бір құжаты болмай шықты. Осы мезетте «102» кезекшілік бөліміне «Алғабас» ықшам ауданында орналасқан азық-түлік дүкендерінің бірінің иесінен шұғыл хабар келіп түседі. Оның айуынша, осыдан бірнеше минут бұрын бейтаныс үш адам оның дүкеніне баса көктеп кіріп, анықталмаған үлгідегі тапаншамен қоқан-лоқы көрсетіп, кассадағы бар ақшаны және үш ойын автоматын алып, тайып тұрған. Жәбірленуші келтірілген залалдың сомасын 825 мың теңге деп бағалады», - деді өз сөзінде Алматы қ. ІІД әкімшілік полиция басқармасының жол-патрульдік полиция полкінің командирі, полковник Айтжан Әлмұханбетов.

Осыдан кейін, Алматы қ. ІІД оперативтік кезекшісі қарулы шабуыл туралы ақпаратты барлық сыртқы қызметтер мен полицияның кешенді күшінің экипаждарына хабарлады. Ал күдіктілердің бірінің сипаттамасы жаңағы «ВАЗ-2114» көлігі жүргізушісінің сипаттамасына сәйкес келді.

«Экипаж қызметкерлері күдіктіні ұстау үшін барлық қажетті шараларды қолданды. Оқиға орнына аудандық ІІБ тергеу-шұғыл әрекет жасау тобы келіп жетті. Сондай-ақ, бұл қылмысқа тағы екі ер азаматтың қатысы барлығы анықталды. Олар ұрланған ойын автоматтарын «Газел» көлігіне тиеп, оқиға орнынан із жасырған. Қазір полицияның оперативтік бөлімшелері оларды іздестіру үстінде. Ал ұсталған азамат жауап алу үшін Алатау ауданының ІІБ жеткізілді», - деп қорытындылады өз сөзін полковник А. Әлмұханбетов.

Соңғы жаңалықтар