Алматыда БАҚ мамандарын даярлау мәселелері талқыланды

«Бүгінгі конференцияның басты мақсаты - Конвергентті БАҚ нарығына маман дайындаудың жаңа міндеттерін айқындау, өңірлік медиа кеңістіктің дамуына талдау жасап, осы саладағы проблемаларды талқылау және болашағы жайында пікір алмасу. Сондай-ақ, бүгін осы конференция аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Қазконтент» АҚ арасындағы және өңірлік медиа-холдингтер арасындағы екітараптық ынтымақтастық меморандумына қол қойылды және біздің кафедраға ҚР Журналистер Академиясының «Қазақстан Республикасының үздік кафедрасы» номинациясы бойынша Құрмет дипломы табыс етілді, - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Әйгерім Әлімжанова.
Айта кетелік, білікті журналист кадрларын дайындаудағы іргелі кафедралардың бірі - баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы 1934 жылы Қазақ Журналистика Институты (ҚЖИ) жанынан құрылған. Осы жылдар ішінде кафедра мыңдаған білікті журналистерді, БАҚ мамандарын даярлады.
Бүгінгі конференцияның ұйымдастырылуына «Қазконтент» АҚ, Қазақстан Журналистер Одағы, Қазақстан Журналистер Академиясы, ҚР Президентінің Алматы бюросы баспасөз орталығы, Бас редакторлар клубы ҚБ қолдау көрсетті.
Конференция қорытындысы бойынша ғылыми-әдістемелік еңбектердің жинағы жарық көреді.