Алматыда БАҚ өкілдері зымыран ұшырудағы сараптамаларды жүргізетін «Ғарыш-Экология» орталығының жұмысымен танысты

«2001 жылы құрылған «Инфракос-Экос» кәсіпорны 2012 жылы «Ғарыш-Экология» деген жаңа атауға ие болды және жаңа мәртебе алды. Зерттеу орталығының негізгі қызметі - «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын зымыран-тасығыштардың ұшырылымдарын экологиялық жағынан сүйемелдеу, сондай-ақ зымыран-тасығыштардың бөлшектері құлаған аумақта зерттеу жұмыстарын жүргізу. Біз Қазақстан тарапынан техногендік апат орын алған аумақта экологиялық және әлеуметтік-гигиеналық мониторинг бағдарламасын жүзеге асырамыз», - деді кәсіпорынның бас директоры, техника ғылымдарының докторы Жайлаубай Жұбатов.
Ол сонымен қатар, Алматыдағы жалғыз зертхананың қоршаған ортада зымыран отыны компоненттерінің болу-болмауына қатысты жедел сараптама жүргізуге мүмкіндік бермегендігін жеткізді. Өйткені, топырақ сынамаларын жеткізу екі тәулік уақытты алады.
«Зымыран-тасығыштардың ірі апаттарынан кейін, 2010 жылы Жезқазған мен Байқоңыр қалаларында дәл осындай зертханалар ашылды. Сондай-ақ, біздің қарамағымызда екі жүк көлігінде орналасқан көшпелі зертханаларымыз бар. Олар бізге далалық жағдайда дер кезінде зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінде барлық зертханаларымыз заманауи жабдықтармен жабдықталған. Олардың ішінде сұйық және газдық хроматографиялық экспрес-анализаторлар бар. Біз деректерді ғарыштық байланыс арқылы жеткізе аламыз», - деді Ж. Жұбатов.
Кәсіпорын 2010 жылдан бері 74 зымыран-тасығыштың ұшырылуына экологиялық сүйемелдеу жасаған. Бұл жерде әрбір жағдайда ғарыш айлағының аумағы мен зымыраннан бөлінетін бөлшектер құлаған аймақта ауаның, жердің және өсімдіктердің химиялық ластану деңгейіне қатысты бақылау жүргізілді.
«Кәсіпорында экологиялық және медициналық бағдарламалар бөлімі бар. Яғни біз бір мезетте қоршаған орта мен тұрғындарға қатысты кез-келген антропогендік ықпалдың әсерін зерттей аламыз. Сондай-ақ, біз басқа да институттардың ғалымдарын жұмылдыра отырып, республикалық бағдарлама есебінен жоғары улы зымыран отыны - гептилдің төгілген жерлерін уытсыздандыру технологиясын әзірледік. 2012 жылы патенттеп, тәжірибеге енгіздік. Қазір Ресейлік тарап зымыран отындарының төгінділерін бзарарсыздандыруға осы технологияны қолданады. Ол жоғары нәтижеге ие», - деді «Ғарыш-Экология» РМК бас директоры.
Сонымен қатар, Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ерғазы Нұрғалиевтың айтуынша, аталмыш кәсіпорынның мамандары штаттан тыс жағдайлар орын алған жерлерге алғашқылардың бірі болып жетіп, сынамалар алып, ластану деңгейін анықтайтындығын, сондай-ақ, апаттардың зардаптарын жою жұмыстарының жоспарлары мен көлемін әзірлеуге қатысып, уытсыздандыру жұмыстарын бақылайды.
«Бүгінгі кездесу адамның ғарышқа тұңғыш рет ұшуының 55 жылдық мерейтойы мен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды. Бұдан кейін кәсіпорынның ғарыштық қызмет саласындағы жұмыстарына қатысты таныстыру шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады», - деді Е. Нұрғалиев.