Алматыда бал фестивалі өтіп жатыр

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Медеу ауданы әкімдігінің және «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағының ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестивальге Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарынан 40-қа жуық омарташылар қатысуда. Әр өңір өз өнімдерін, Абдуллин көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысындағы жәрмеңкеде ұсынуда.
«Бүгінгі шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында еліміздің егемендік алған жылдарындағы бал шаруашылығының жеткен жетістіктері мен табыстарын көрсету мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында өткізілуде. Фестивальге тек таза, сапалы бал ғана әкелінді», - деді Қазақстан омарташылары ұлттық одағының вице-президенті Ғабит Нұрәділ.
Алматылықтар мен қала қонақтары қазақстандық балдың үздік сорттарын сатып алып қана қоймай, дәмін көруге мүмкіндік алуда. Биыл жәрмеңкеге маусымның жаңа сорты - «бал-крем» ұсынылды. Арнайы технологияның арқасында ол балмұздақтай өте жұмсақ. Омарташылар балмен қатар, бал тозаңы, прополистер және бұдан өзге көптеген бал түрлерін әкелген. Омарташылар шара барысында жылдан жылға омарта саласына көңіл бөлініп, бұл саланың дамып келе жатқандығын атап өтті. Фестиваль «Қазақстан - ортақ үйіміз» атты мерекелік концертпен ашылып, сән үлгілері көрсетіліміне және түрлі сайыстар мен ойындарға ұласты.
Бал мерекесі қарашаның 27-не дейін жалғасады.