Алматыда балалардың саунадағы «жазғы демалысынан» кейін бүкіл лагерьлер тексеріліп жатыр

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, балалар демалысын ұйымдастыру мәселесі бойынша мамандандырылған балалар мекемелерінің кураторларымен бірге жұмыс күшейді.
«Тиісті талапқа сай емес екі лагерьдегі жағдайға байланысты білім басқармасы барлық баланы басқа екі лагерьге кезең-кезеңімен жіберу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, «Бел Ричи» ЖШС-мен («Арман дала» лагері) келісімшартты бұзатын болдық. Бұл компанияны жауапсыз қызмет көрсетуші деп тану үшін сотқа талап арыз берілді. Ақша төленбеді»,- деп хабарлады әкімдіктен.
Бұған қоса, қалалық білім басқармасының қызметкерлері балаларды «Тау самалы» лагеріне («Айсұлу және Т» ЖШС) кіргізбеу жөнінде шешім қабылдады.
Лагерьге жолдың қашықтығын және балалардың ерекше қажеттілігін ескере отырып, олар Қаскелең қаласындағы жеке мектепке уақытша орналасты.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік етеді.
«Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері осы мектепте болғанда оларға алты рет тамақтандыру, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда Алматы қаласының білім басқармасы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша шартта белгіленген міндеттемелердің сапасыз орындалуына байланысты «Айсұлу және Т» ЖШС-не шартты бұзу туралы ескерту жіберді.
Алматыда демалыс кезінде көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 3000-ға жуық бала, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 100 бала, сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қала сыртындағы лагерьлерге демалуға жіберу жоспарланып отыр.
Бүгін Алматы әкімдігі БАҚ өкілдеріне балалар лагерлері бойынша баспасөз турын ұйымдастырады.
Бұған дейін алматылық оқушылардың демалуға жазғы лагерьге емес, саунаға жіберілгенін хабарлағанбыз.
Алматы прокуратурасы сауна ғимаратында балалар лагерін ұйымдастыру ісі бойынша тергеу бастады.
Кейіннен депутаттар саунадан балалар лагерін ашқан кәсіпкер ұтып алған тендердің құны 107 млн теңге екеніне көз жеткізді.