Алматыда баланың үстіне ойыншық мүсін құлау оқиғасы: Полиция тексеру жүргізіп жатыр
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта бұл деректі Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр.
«Қазір баланың алған жарақаттарының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған іс өндірісі сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін жалғасып қандай шара қолданылатыны белгілі болады», - деп хабарлады полициядан.
Оқиғаға қатысты «Mega» ойын-сауық орталығының баспасөз қызметі де түсініктеме берді.
«Marwin» дүкенінде болған оқиға, әрине, өкінішті.
«Біз өз тарапымыздан ойын-сауық орталығында орналасқан, оның ішінде Мarwin дүкеніндегі барлық конструкция мен заттардың берік орнығуын қайта тексереміз», - делінген хабарламада.
«Marwin» дүкендер желісінің бас директоры Вадим Голенконың айтуынша, зардап шеккен балаға барлық көмек көрсетіліп жатыр.
«Біздің техникалық қызметкерлер ойыншық-мүсінді алып, оның құлау себебін анықтап жатыр. Бұған қоса біздің дүкендегі осыған ұқсас барлық фигуралар алынып тасталды. Баланың ата-анасымен тұрақты байланыстамыз және денсаулығы қалыпқа келгенше барлық көмек көрсетуге дайынбыз. Қазір бала үйінде», - дейді дүкен өкілі.
Айта кетейік, Алматыдағы «Мега» СОО-да баланың үстіне ойыншық мүсін құлап кеткен болатын. Салдарынан кішкетай баланың миы шайқалды.