Алматыда банк секторы мен бизнес субъектілері бірқатар әлеуметтік нысандар салатын болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы қаласының әкімдігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ForteBank» акционерлік қоғамымен Меморандумға, ал «Электрокабель зауыты» ЖШС-мен Келісімге қол қойды.
None
None

Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Енді осы құжаттар аясында емдеу-сауықтыру, білім беру нысандарын салу жөніндегі жобалар жүзеге асырылып, кәсіпкерлік секторына барынша қолдау көрсетілетін болады.

«ForteBank» АҚ-мен жасалған Меморандумға сәйкес, Алматыда шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдетілген шағын несиелермен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыру, басқа да қаржылық қызметтерді дамыту, Әуезов ауданында балабақша салу, бос жатқан жер телімдері мен тоқтап қалған өндірістерді, бос тұрған үй-жайларды қаланың әлеуметтік-экономикалық айналымына тарту жоспарлануда.

Ал «Электрокабель зауыты» ЖШС болса, жасалған Келісім аясында қаланың Наурызбай ауданында бір ауысымда 500 емделушіге дейін қабылдай алатын емхана салып береді. Жоба құны 1,2 млрд. теңге.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің әлеуметтік- экономикалық дамуында бизнестің маңызды рөл атқаратындығын айта келе, банк пен компания басшылығына ризашылығын білдірді.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымыздың әлеуметтік ахуалын жақсарту туралы тапсырмасы аясында біз өте маңызды шараны ұйымдастырып отырмыз. Әлемнің өркениетті, дамыған елдері қатарына қосылу жөніндегі Елбасының алдымызға қойып отырған міндеттерін орындау үшін мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар бірігіп жұмыс істесе, тиімділік те арта түседі», - деді Бауыржан Байбек.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының әкімдігі бұған дейін «Казкоммерцбанк» АҚ, «АТФБанк», «Банк Астаны» және «Автогаз Трэйд» ЖШС-мен келісімдерге қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар