Алматыда бедеулікті емдеудің қазіргі заманғы әдістері туралы халықаралық конференция өтеді

Екі күндік бұл шара Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Оған Қазақстаннан басқа Ресей, Украина, Қырғызстан, Франция, Бельгия, Жапония, Ұлыбритания мен Израильдің адам ұрпағын өрбіту технологиялары саласындағы жетекші мамандары, бедеулікті емдеумен айналысатын акушер-гинекологтары және ЭКО орталықтарының өкілдері қатысады деп жоспарлануда.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда ерлі-зайыпты 200 мың жұп (15%) бала сүю бақытынан айырылып отыр. Оның 30-35 пайызы қосалқы репродуктивтік технологияларды (ҚРТ) пайдалана отырып емдеуді қажет етеді. Ал Еуропада ерлі-зайыптылардың 10 пайызы, АҚШ-та 8-15 пайызы, Канадада 17 пайызға жуығы, Австралияда 15,4 пайызы, Ресейде 16 пайызы бедеулік зардабын тартады екен.
Қазақстанда соңғы 16 жылда 25 мыңға жуық жұп ҚРТ әдісімен емделген көрінеді. Ондай емнің тиімділігі орта есеппен 15 пайыздан 38-40 пайызға дейін артып, емдеу нәтижесінде дүниеге бала әкелу көрсеткіші 28 пайызға жетіп отыр. Бұл Еуропадағы орташа көрсеткішке сай. Осы күнге дейін бала сүйе алмай отырған отбасыларда ҚРТ көмегімен 8 мыңға жуық сәби туылды.