Алматыда белгілі сәулетші Рүстем Сейдалин қайтыс болды
Бұл туралы марқұмның әріптестері хабарлады.
Сейдалин Рүстем Аббасұлы 1927 жылдың 24 тамызында Қызылорда облысында дүниеге келген. 1951 жылы Мәскеу архитектуралық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын Қарағанды қаласында қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлерді жобалаудан бастаған.
1966 жылы Қазақ мемлекеттік политехникалық институтында ұстаздық етіп, кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. 1973 жылы Қазақ КСР мемқұрылыс төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Бірнеше жылдар қатарынан Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы болды.
Р.Сейдалин - бірқатар қоғамдық жобаларының авторы. 28 Панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалы, Достық үйі, Оралдағы мемориал, Алматы облысындағы Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мұражай Рүстем Сейдалиннің жобасымен тұрғызылды.
1970 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі» атағын алып, 1979 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған.