Алматыда белсенді қарттарға арналған тағы екі орталық ашылады
«Келесі жылы пилоттық режімде әлеуметтік қызмет көрсету мен әлеуметтік көмектің бейтараптандырылған моделі, яғни «бір терезе» қағидасы енгізіледі. Қиын жағдайға түсіп қалған адамға түрлі инстанцияларға бару қажет емес, ол денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік көмек қызметін бір жерден ала алады», - деп хабарлады аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қаласындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев.
Бұл ретте ол алматылықтардың 12 пайызы - қарт адамдар екенін атап өтті. Сондықтан қалада елдегі алғашқы белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламасы іске қосылған.
«Қазіргі кезде «Белсенді ұзақ өмір» бағдарламасының жол картасын іске асыру жүргізілуде. Мұндағы шаралар 12 мыңнан астам адамды қамтиды», - деп атап өтті ол.
Сонымен бірге, қалада мұқтаждық картасы құрылды - онда аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдірген зейнеткерлер туралы мәліметтердің бірыңғай дерекқоры бар.
«900-ге жуық зейнеткер екі бассейн мен үш фитнес залға тегін барып жүр. Келесі жылы оларды екі есе көбейтуді жоспарлап отырмыз, сондай-ақ қалада Белсенді ұзақ өмір жасаудың тағы екі орталығы құрылады», - деді М.Отыншиев.
Еске сала кетейік, Алматыда осныдай орталық биыл жазда ашылған.
Авторы: Данияр Дәуітәлиев