Алматыда бірнеше мәрте алаяқтық жасаған азамат сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда №2-ші Медеу аудандық сотында бірнеше қайтара алаяқтық әрекет жасаған А. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот қылмыскерге қатысты мынадай деректерді анықтады: А. есімді азамат 2016 жылдың 13 наурызында өзінің танысы И. есімді азаматшамен кездеседі. Әңгіме барысында И. есімді азаматша оған өз пәтеріне жөндеу жүргізгісі келетіндігін айтып қалады. Сол арада А. есімді азаматта алаяқтық әрекет жасау туралы арам ой пайда болады.  

Сол ойын жүзеге асыру мақсатында ол үйіне жөндеу жүргізгісі келетін азаматшаның өзіне деген сенімін пайдаланып, оны алдап, оған құрылыс жұмыстарымен өзі айналысатындығын және керекті материалдарды өзі сатып әкелетіндігін айтады. И. сол күні оған 24 000 теңгені қолына ұстатады.   

2016 жылы 15 наурызда А. өзінің танысы Т. М. есімді азаматшаға жүргізушілік куәлік алып беруге уәде етеді. Ал өзін автокөлік бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырады. Бұл қызметі үшін Т. М.-дан 30 000 теңге сұрайды. Т. М. 30 000 теңгені береді.

Сол күні А. дәл осындай ұсыныспен тағы бір танысы Қ. Ұ. есімді азаматшаға шығады. Сөйтіп, оның да 30 000 теңгесін қағып алады.

2016 жылы 18 наурызда А. өзіне тағы бір таныс әйел - М. Н. есімді азаматшадан автокөлігін жөндеп алуға 30 000 теңге қарыз сұрайды. Ал шын мәнісінде оның автокөлігі жоқ болған. Бірақ, бұдан мүлдем бейхабар жәбірленуші еш ойланбастан А.-ға сол күні-ақ 30 000 теңге қарыз береді.

Содан оңай олжаға әбден құныққан А. 2016 жылы ақпан айында М. З. есімді азаматшаға өзін автокөлік бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырып, 70 000 теңгеге жүргізушілік куәлік пен Қазақстанда тұруға берілетін ыхтиархат дайындап бере алатындығын айтады. Сөйтіп, 70 000 теңгені қалтаға басқан.     

Сот отырысында А. барлық қылмысын мойындады.

Осылайша, сот үкімімен А.-ға ҚР ҚК 190-бабы, 2-ші тармағының 2-ші бөлімінде қарастырылған қылмыстарды жасаған деген айып тағылып, үш жылға бас бостандығына шектеу қойылды және мүлкі тәркіленді.    

Сот үкімі заңды күшіне енді. 

Соңғы жаңалықтар