Алматыда биыл әскери есепке алынғандардың 52 пайызы емделуге жіберілді - Қ. Манапов
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылы 57 пайызды құраған. Яғни, биыл орта есеппен алғанда жастардың денсаулығы 2,2 пайызға жақсарған.
«Биыл жалпы 5143 азамат әскери тіркеуге алынды. Солардың 52 пайыздайы қойылған диагноздары толықтай анықталуы үшін қайта емделуге жіберілді. Бірақ, оларды әскерге жарамсыз деп айтуға болмайды. Бұл азаматтар екі тізімге жіктеледі. Бірінші тізімдегілер жарамсыздыққа ыңғайластырылған азаматтар деп саналса, екінші тізімге іліккендер емделіп болған соң, оларға қатысты әскерге шектеулі жарамды немесе толық жарамды деген шешім шығарылады», - деді өз сөзінде Қ. Манапов.
Сонымен қатар, Қаныбек Момбекұлы соңғы кездері әскерге дейінгі жастар арасында жиі кездесетін ауруларды атады.
«Қазір жастар арасында әсіресе неврологиялық аурулар, бас сүйегінің ішкі қысымы, мидың зақымдалуы, қан қысымының жоғары болуы, жүрек аурулары және майтабан ауру жиі кездеседі. Сонымен қатар, терапиялық аурулар, соның ішінде асқазан аурулары да жиі кездеседі», - деді Қ. Манапов.