Алматыда Бизнестің жол картасы -2020

"Бізде кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі құралы қарастырылған. Біріншісі, бизнесті жаңадан бастаушылар үшін. Онда өтініш білдірген барлық адамды тегін оқытып, оларға бизнесті сәтті бастау үшін қажетті құжаттардың үлгісін береміз. Екіншісі, бизнесті жүргізу үшін сервистік қолдау. Онда шағын бизнес өкілдеріне тегін консультация беріледі. Үшіншісі, шағын және орта бизнес топ менеджментін оқыту. Әлемдік стандарттар бойынша кәсіпкерлерді дайындап, іскерлік байланыстар орнату үшін шет елге тиісті өндірістік сала бойынша тәжірибеден өтуге жібереміз", - дейді "Даму қоры" АҚ-ның Оқыту және сервистік қолдау департаментінің директоры Салтанат Игенбаева.
Жалпы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының жүзеге асуына жауапты уәкілетті орган Экономикалық даму және сауда министрлігі. Ал оның операторы "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ-ы. Қор қызметкерлері елдегі 209 ауданда болып, әрбір ауылдық округте 2 күнің ішінде өз ісін бастауға тілек білдірген барлық адамға кәсіпкерліктің негізін үйреткен. Мәселен, ағымдағы жылы олар бизнесті жаңадан бастаған 15 мың адамды оқытуды жоспарлаған еді. Қараша айындағы мәлімет бойынша оның саны 15 080 адамды құрап отыр.