Алматыда «бомба қойылған» ұшаққа қатысты қылмыстық іс қозғалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әуежайына Минскіден ұшып келген ұшаққа бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат беру фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Өзге мәліметтер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесі үшін жарияланбайды»,- деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Алматы әуежайының электронды поштасына Минск-Алматы бағытындағы ұшақ бортына жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат түскен болатын.

Алматы халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің мәліметінше, «жарылғыш зат» туралы ақпарат расталмады.

Ұшақта 171 жолаушы және экипаждың 6 мүшесі болған.

Әуе көлігі Алматыға түнде келіп қонған.

Еске салайық, наурыз айының аяғында Алматыда бірнеше нысанға бомба қойылғаны туралы ақпарат тараған еді.

Оның ішінде Алматы әуежайы да бар. Салдарынан 6 рейс кейінге шегерілді.


Соңғы жаңалықтар