Алматыда Боралдай өзенінің арнасын абаттандыру жұмысы жүріп жатыр

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровпен кездесу кезінде мердігер ұйымның өкілі атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның сөзінше, бүгінде жер жұмыстары аяқталған, 70%-ға нығайту жұмыстары іске асты, екі тоған тазартылды, футбол мен баскетбол алаңдары қоршалды.
Сондай-ақ жергілікті тұрғындар қалдырған тұрмыстық қоқыстың шығарылғанын атап өтті. Жобада асфальт және жабынды төсеу, урналарды, орындықтарды, модульдік санитарлық-гигиеналық тораптарды, сыртқы жарықтандыру және суару жүйесінің тіректерін, су қоймасының айналасына ағаш пирстерді орнату қарастырылған.
Белсенді аймақта балалар мен спорт алаңдарын салу, теннис үстелдерін орнату жоспарланып отыр. Жоба бойынша көгалдандыруға ерекше назар аударылмақ. Микроклиматты сақтау үшін мамандар 1,5 мыңнан астам ағаш (терек, үйеңкі, жеміс) және 5 мыңға жуық гүлді өсімдіктерді отырғызуды жоспарлап отыр. Ландшафт дизайнерлері гүлзарларды отырғызуға дайындық жүргізуде, бөлек аймақта алма ағаштарын отырғызатын қазақ бау-бағы аймағы болады. Болашақта мұнда наурыз айында халықтық мерекелер өткізуге, Жапониядағы сакура гүлдеріне ұқсас қызғалдақтардың гүлденуін көруге болады.
Сонымен қатар шағын су қоймасының айналасында лотос пен су лалагүлдерін отырғызатын жапон бақшасының құрылысы қарастырылған. Көгалдандыру жұмыстары суару жүйесін орнатқан соң басталады. Су Боралдай өзенінен алынады, қосымша скважина болады. Боралдай өзенінің арнасын нығайту жобасы су тасқыны мәселесін шешуге де ықпал етпек. Себебі оған қаланың жоғарғы бөлігінен үш канал мен екі коллектор тартылған.
«Бұл – Алатау ауданындағы абаттандырылған алғашқы жағалау. Ол жергілікті тұрғындар үшін жаңа серуендеу орталығына айналады, бұл шамамен 30 мың адам – Саялы, Көкқайнар, Өжет шағын аудандарының тұрғындары. Өздеріңіз білесіздер, қазір Алматының барлық ауданы тең әлеуметтік, көліктік және рекреациялық инфрақұрылыммен және өмірдің жоғары стандарттарымен қамтамасыз етілетін полиорталықтық қағидат бойынша дамып келеді. Бұл жоба полиорталықтың жарқын үлгісі болады», - деді Әлішер Әбдіқадыров.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары мердігер ұйымға жұмыс қарқынын арттыруды, белгіленген мерзімде жағалауды абаттандыру жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды.