Алматыда «Дағдарысқа қарсы 2015-2017 жылдарға арналған жоспар» қабылданды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2014 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының Жалпы аймақтық өнімі 6 пайызға өсіп, 8 трлн. теңгені құрады.
None
None

Бұл туралы бүгін оңтүстік астананың 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2015 жылға арналған міндеттемелерді айқындау бойынша өткен отырыс барысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мәлімдеді. Аталмыш жиында 2014 жылдың қорытындысы шығарылып, «Дағдарысқа қарсы 2015-2017 жылдарға арналған жоспар» қабылданды. Мәлім болғанындай, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. 2014 жылы қаламызда 1 330,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал бұл, 2013 жылмен салыстырғада 14,5 пайызға артық. Екінші дәрежелі банк несиелерінің көлемі 28,4 пайызға өсіп, 5 трлн. теңгеден асты. Ал өнеркәсіп өнімдерінің көлемі бір жыл ішінде 2,1 пайызға ұлғайып, 649,1 млрд. теңгені құрады. «Өткен жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, Алматы экономикасының барлық дерлік саласында оң нәтижелі өсу қарқыны сақталды. Дейтұрғанмен, 2015 жыл -экономикалық тұрғыдан алып қарағанда күрделі болайын деп тұр. Мен өткен сенбі күні дағдарысқа қарсы жоспарға қол қойдым. Осыған байланысты барлық құрылымдық бөлімшелерге шығындарды оңтайландыруды тапсырамын. Бірінші басшылар бұл мәселені жеке бақылауларыңызға алуларыңызды сұраймын» - деді А. Есімов. Қала басшысы осыған байланысты қалалық құрылымдарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Солардың ішінде айтар болсақ, шығындарды оңтайландырып, бюджетті толтырудың жаңа көздерін іздеу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жұмыстарды күшейту, мерекелік шаралардың санын қысқарту, әсіресе әлеуметтік маңызды тауарларға қатысты тұтынушылар бағасы индексіне мониторинг жасауды күшейту және монополистердің инвестициялық жоспарлары тұрғысынан алып қарағанда коммуналдық қызмет түрлерінің бағасын тексеру. Сонымен қатар, 2015 жылдың соңына дейін кем дегенде 20 мың жұмыс орнын ашу. Алматы қаласының әкімдігі кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп Алматы экономикасының ең маңызды секторларының бірі -сауда саласына биыл қаржылық қолдау көрсететін болады. Бұған 4 млрд. теңге бөлінбек. Тұтынушылар бағасы индексін 6-8 пайыз дәлізінде ұстап тұру мақсатында инфляция көрсеткішін жоспарлау және негізгі әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша да шаралар қолданылады. Отырысты қорытындылай келе Алматы қаласының әкімі мегаполистің 2015 жылға арналған экономикалық саясаты өзінің бұған дейінгі әлеуметтік салаға бағытын сақтайтындығын жеткізді. Сонымен, Алматы қаласының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері төмендегідей: Жалпы аймақтық өнімнің көлемі 2014 жылдың 9 айы ішінде 10,2 пайызға өсті. 2014 жылы салықтық алымдар мен басқа да мемлекеттік бюджетке міндетті төлемдер бұған дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 4,5 пайызға өсіп, кедендік төлемдерді қоса есептегенде бюджетке 1 триллион 429,1 млрд. теңге құйылды. Өткен жылы Алматы қаласының нақты бюджеті 356 млрд. теңгені құрады. Ал бұл өз кезегінде экономиканың барлық саласының дамуына септігін тигізді. Өнеркәсіптік өнімдер өндірісінің көлемі өткен жылы 2,1 пайызға өсіп, 649,1 млрд. теңгені құрады. Ал орташа айлық нақты жалақының көлемі 155 140 теңгеге жетті. Сонымен қатар, өткен жылы қалада 23 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Соңғы жаңалықтар