Алматыда дәрігерлер мен құтқарушылардың тағы бір тобы ағылшын тілін меңгеріп шықты
Универсиада сайтының хабарлауынша, Алматы қаласының медициналық қызмет көрсету саласындағы 83 қызметкері және ТЖД-ның 33 өкілі базалық ағылшын тілі курсын тәмамдағаны жөнінде сертификат алды.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Алматы қаласының медициналық мамандары және ТЖД қызметкерлері ағылшын тілі грамматикасын үйреніп, ауызша сөйлеу дағдыларын игерді. Аталған курс медициналық немесе басқа да көмек түрлерін көрсету қажет болған жағдайда, шетелден келген Универсиада қатысушыларымен және қала қонақтарымен тілдесуге мүмкіндік бермек.
Оқыту курсы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде базасында өткізілді.
«Біздің университеттің 10 оқытушысы Алматы қаласы медициналық қызметкерлеріне ағылшын тілін үйретті. Оқыту аясында түрлі бағыттарға арналған базалық лексиканы ғана емес, сондай-ақ, мәдениетаралық қарым-қатынас негіздерін үйрететін бағдарлама дайындалды. Курс тыңдаушыларының білімі айтарлықтай жетілгенін мен байқап отырмын, өз кезегінде бұл білім оларға Универсиада қатысушыларымен және қонақтармен лайықты деңгейде тілдесіп, жұмыс жүргізуге көмектесетін болады», - деп атап өтті Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Жанар Күлекенова.
Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада кезінде қызмет көрсететін 120-дан аса медициналық қызмет жұмысшыға ағылшын тілі курстарын табысты түрде тәмамдағаны жөнінде сертификаттар табысталды.