Алматыда Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін грек-рим күресі бойынша республикалық турнир өтіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Достық» спорт кешенінде КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, атақты балуан Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында 16-шы ашық республикалық турнир басталды.
None
None

Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 194 балуан қатысуда.

«Турнир 1998-2000 жылдар аралығында туған жасөспірімдер арасында өтіп жатыр. Балуандар әдеттегідей 10 салмақ дәрежесінде жекелей және командалық есепте бақ сынасады. Әр командада 10 спортшыдан бар. Жалпы биылғы турнирге 22 команда қатысуда. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіледі», - деді бүгінгі турнирдің бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші, еркін күрес бойынша бапкер Тағыберген Сейітов.

Сонымен қатар, ол осы турнирдің жеңімпаздары ұлттық құрама сапына іріктеліп алынып, таяуда Ресейдің Дондағы Ростов қаласында жасөспірімдер арасында өтетін халықаралық турнирге баратындығын айтты.

Ал бүгінгі турнир аясында балуандар бес салмақ дәрежесі бойынша күш сынасуда. Қалған бес салмақ дәрежесі бойынша сайыстар ертең - турнирдің соңғы күні өтеді.

Естеріңізге сала кетелік, Дәулет Тұрлыханов - әлем чемпионы (1989 ж.), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1993 ж.), Еуропа чемпионы (1987 ж.), Азия чемпионы (1995 ж.), Олимпиада Ойындарының күміс (1988 ж.) және қола (1992 ж.) жүлдегері, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, әлем Кубогының екі дүркін иегері, КСРО халықтар Спартакиадасының жеңімпазы (1991 ж.), ХІІ Азия Ойындарының жеңімпазы (1994 ж.). Педагогика ғылымдарының кандидаты. Қазақстан күрес федерациясының құрметті президенті және ФИЛА Бюросының мүшесі.

Соңғы жаңалықтар