Алматыда джип-фестивалі өтуде (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Тәуелсіздігі күніне орай, Сайран көлінде осымен 18-ші рет джип-фестиваль өтуде.
None
None

«Жыл сайын өткізілетін джип-фестиваль биыл 18-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл бұл фестиваль халықаралық мәртебеге ие болды. Сондықтан, оған Ресей мен Қырғызстаннан командалар қатысуда. Фестиваль аясында дәстүр бойынша Алматы автоспорт федерациясының тұңғыш президенті Николай Масловты еске алуға арналған ауыспалы Кубок сарапқа салынады. Ол кезінде елімізде тұңғыш рет жол талғамайтын көліктер арасында жарыс өткізген болатын. Бүгінгі бәсекеге сонымен қатар Астана, Талдықорған және Қарағанды қалаларынан да спортшылар келген. Барлығы 50 экипаж жиналды. Жарыс кешке дейін жалғасады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен қатар, Тайландтқа саяхат жасауға арналған екі жолдама табыс етіледі, - деді өз сөзінде аталмыш шараны ұйымдастырушы Off Road Kazakhstan» автоәуесқойлар клубының атқарушы кеңесі төрағасының орынбасары Виталий Тарасенко.

Оның айтуынша, қысқы джип-фестивальге қатысушылар «Туризм», «Спорт» және «Абсолют» санаттары бойынша жарысуда. Бірінші дәрежеде спортшылар стандартты джиптермен сайысқа шығады. «Спорт» дәрежесі бойынша жарыс алаңына модификацияланған және арнайы әзірленген джиптер шығады. Ал «Абсолют» аталымы бойынша өтетін жарысқа ниет білдірушілердің барлығы да қатыса алады. Кубок осы үшінші санатта өтетін бәсекеге қатысушылар арасында сарапқа салынады.

«Биыл, аталмыш фестивальді ұйымдастырушыларға Toyota Motor Kazakhstan компаниясы қолдау көрсетті. Бұл компания тарапынан Қазақстанда құрастырылған тоғыз «Toyota Fortuner» автокөлігі «Туризм» дәрежесі бойынша жарыс жолына шықты. Бір айта кететін жайт, ниет білдірушілерге оған мініп, айдап көрулеріне рұқсат беріледі» - деді сөз соңында В. Тарасенко.

Айта кетелік, жарысты 10 мыңға жуық көрермен тамашалауда.

Соңғы жаңалықтар