Алматыда джиу-джитсу бойынша халықаралық турнир мәресіне жетті
Қазақстанның атынан барлық облыстардан жеке командалар қатысты.
«Биылғы турнирді біз тұңғыш рет «Нұр Отан» партиясымен бірлесе өткізіп отырмыз. Бұл, жарыстың мәртебесінің арта түскендігін білдіреді. Біздің федерация мен еліміздің жетекші партиясын жеңімпаздық рух біріктіреді», - деді аталмыш федерацияның президенті Дәурен Мұса.
Екі күнге созылған жарыста 7-8 жастан бастап, 17 жас аралығындағы спортшылар бақтарын сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша Алматы қаласының құрама командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Алматы облысының жасөспрімдері көтерілді. Ал үшінші орынды қырғызстандық құрама команда иеленді.
Еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Қазақбай Қасымовтың айтуынша мұндай жарыстардың жастарға берері көп.
«Әрбір саналы азамат өз өмірін туған халқына арнауы керек. «Джиу-джитсу Профи Файт» Федерациясының көп жылдардан бері қазақстандық жастарды отансүйгіштікке, жас тәуелсіз мемлекеттің намысын қорғауға жол ашатын өнерге баулып жатқаны көңіл қуантады. Отандық Джиу-джитсу шеберлерінің өнері Қазақстанның спорттық тарихында өзіне лайықты орын алатындығына сенімім мол», - деді Қ. Қасымов.
Ал «Нұр Отан» партиясының Медеу аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ғани Майлыбаевтың айтуынша, джиу-джитсу бойынша халықаралық турнир республика бойынша елеулі уақиға болып табылады. Бұл спорттық шараның мақсаты Елбасының Жолдауында айтылған келелі міндеттермен үйлесіп жатыр.
«Өз Жолдауында Елбасы саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спорт түрлерін дамытудың маңызды екендігін ерекше атап өтті. Бұл бағытты үш бірлікпен сипаттауға болады. Ол - спорт - саламатты ұлт - мықты мемлекет», - деді Ғ. Майлыбаев.