Алматыда ЕАЭО мен Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуін ұштастыру мәселесі талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Орталық Азиядағы интеграциялық жобалар аясында Посткеңестік кеңістіктегі интеграцияны тереңдету» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Жаңа экономикалық университет қабырағасында өтіп жатқан іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген экономист ғалымдар, сарапшылар, саясаткерлер және басқа да мамандар қатысуда.

«Ұлы Жібек жолы 21-ші ғасырда да ғаламдық деңгейде ерекше сұранысқа ие болып отыр. Қазір осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Бірақ, енді Еуразиялық экономикалық одақ пен Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасын өзара ұштастыру мәселесі туындап отыр. Бұл жерде оларды осы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Еуразия елдерінің дамуына кедергі жасамайтындай етіп, өзара үйлестіру механизмін жасау қажет. Сол үшін де бұл салада көршілес елдердің ғалымдарының, сарапшыларының пікірі мен ұсыныстарын тыңдау өте маңызды», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Жаңа экономикалық университеттің «Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар және маркетинг» кафедрасының профессоры, ғылым докторы Әмина Әубәкірова.

Сонымен қатар ол Ұлы Жібек жолының адамзат тарихында қай кезеңде болса да үлкен рөл атқаратындығын жеткізді.

«Адамзат тарихында Ұлы Жібек жолындай соншалықты маңызды көлік желісі болған емес. Ал қазір оның ауқымы барған сайын ұлғая түсуде. Өйткені бұл жол - бүгінде көлік және темір жол желісіне ұласты. Сөйтіп, Тынық мұхит жағалауындағы Оңтүстік шығыс Азия елдерінен бастап, Еуропаға дейінгі аралықтағы ондаған елдерді қамтыды. Егер, бұрындары қытайлық тауарлар Еуропа елдеріне мұхит арқылы теңіз жолдарымен 30 күн ішінде жеткізіліп келсе, қазір Қазақстан арқылы өтетін темір жол желісі арқылы 15 күнде жеткізуге болады. Яғни, жол екі есеге қысқарды. Бірақ, бұл жерде Ұлы Жібек жолының тиімділігі сол жолдың бойында орналасқан елдерге әділ түрде үлестірілуі тиіс», - деді Ә. Әубәкірова.

Конференция жұмысы одан әрі жалғасуда.

Айта кетелік, Жаңа экономикалық университет күні кеше «Нархоз» университеті болып атауын өзгертіпті.

Бұл туралы университет басшылығы жақын уақытта ресми түрде жарияламақ ниетте.

Соңғы жаңалықтар