Алматыда екі ауданда су басу салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алатау және Жетісу аудандарында қарғын су салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Алматыда екі ауданда су басу салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр

Шара аясында аулаларды, жолдарды лай массасынан арылту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Азаматтық қорғаныс тобының күші және құралымен (жеке құрамның 502 адамы, түрлі мақсаттағы 64 техника, 20 мотосорғы) 114 үй ауласы тазаланды. 2840 шаршы метр су сорылып алынды. 640 м. кварталішілік жол тазаланды және 1420 шаршы метр лай массасы сыртқа шығарылды.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 29 сәуірінде Алматы аумағында түскен жауын-шашын мөлшері 55 мм болды (бір түн ішінде 43, бір күн ішінде 12 мм). Бұл ортақ айлық көрсеткіштен әлденеше есе артық. Шелектеп құйған нөсер жауын салдарынан Қарғалы өзенінің су деңгейі артып, қаланың төменгі аудандарын су басты.