Алматыда екі мыңға жуық оқушы кезекші сыныптарға барады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 2 мыңға жуық оқушы кезекші сыныптарға барады. Бұл туралы Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні кезекші сыныптарға 1 963 бала жазылды. Оның 1 354 бірінші сыныпқа баратын оқушы», - деді Ләззат Жылқыбаева.
Сонымен қатар, спикер кезекші сыныптарға оқушы таңдау туралы айтты.
«Таңдаудың нақты өлшемдері жоқ. Үйде отырған ата-аналардан балалармен бірге болуға кеңес береміз. Мүмкіндігі жоқтар өтініш бере алады. Егер мектепке 20-ға жуық өтініш түссе, балаларды бір сыныпқа отырғызбайды. Сыныптағы оқушылардың саны 15-тен аспауы керек», - деп түсіндірді спикер.
Бұған дейін, мегополис мектептерінде 193 кезекші сынып ашылатыны туралы жазған болатынбыз.