Алматыда екі шағынаудан су астында қалуы ықтимал

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Алатау ауданында екі шағынаудан: "Жылу электр орталығы-2" және "Алматы ауыр машина жасау зауыты" саяжай алқабының су астында қалу қаупі бар.
None
None

Бұл туралы Алматы қаласының Алатау ауданы әкімі Бағдат Манзоров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аудан әкімінің айтуынша, аталған шағынаудандардағы каналдың су өткізу мүмкіндігі шектелген.

«Бұған біріншіден, ауылды каналға жалғау себеп болса, екіншіден Наурызбай ауданынан келетін судың нөпірі канал арнасына сыймай қалады. Бұл мәселені шешу үшін жоба әзірленген, алайда оған қаражат керек. Қазір қажетті қаражат мөлшерін нақты айта алмаймыз. Сараптама мен зерттеуден кейін белгілі болады. Меніңше, 200 млн теңге қажет болады», - деді әкім.

Б.Манзоров 2008 жылы Алатау ауданы ашылғанда бір жылдан кейін Шаңырақ шағынауданын су басқанын айтты.

«Сол кезде тез арада мемлекет есебінен уақытша тұрғын үйлер салынған. Осылай Саялы шағынауданы құрылған болатын», - деді ол.

Б.Манзоровтың айтуынша, Алатау ауданындағы барлық 23 шағын ауданның 21-інде арықтар қазылып, каналдар жүргізілді.

«Қазір Алғабас пен Теректі ауылдарының қосылуы қиындық туғызып отыр. Былтыр су тасқыны екпінді болды. Мәдениет шағынауданы мен Бурындайда да арықтар жүргіздік. Былтыр Шаңырақта 7,1 шақырым асфальт төсеп, 6 шақырым канал салдық. Алғабаста да жайылған су көлемі айтарлықтай болды. Онда да күшейту жұмыстарын жүргізіп, асфальт төседік. Нақты айтқанда, 9 көшені асфальттадық», - деді аудан әкімі.

Еске сала кетейік, биыл көктемде Қарғалы өзені арнасынан тасып, Алатау ауданындағы Алғабас ауылына су жайылған. ҚР ІІМ ТЖК мәліметінде Алматыда 127 үйді, жеке аулаларды су алды деп көрсетілген.

Жалпы 18 жекеменшік үйге су кіріп, 109 аула маңындағы аумаққа су жайылды.

Соңғы жаңалықтар