16:10, 31 Наурыз 2015 | GMT +5
Алматыда екі тәулік ішінде екі айлық норманы құрайтын қар жауды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда соңғы екі тәулік ішінде үздіксіз жауған қардың қалыңдығы 35 сантиметрді құрады. Бұл екі айлық норманы құрайды. Ал қала маңындағы тау бөктерлеріне жауған қардың қалыңдығы 50 сантиметрге жетті. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық Табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Көшелер мен тротуарларды қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Оған 465 техника мен 1120 жұмысшы жұмылдырылды. Одан басқа, 30 наурыздан 31 наурызға қараған түні қарды қала сыртына шығаруға қосымша 44 ауыр жүк көтеруге арналған көліктер тартылды.
Жалпы, екі тәулік ішінде 5086 тонна хлор аралас құм мен 36 тонна тұз қолданылды. Қала сыртына барлығы 10 840 тонна қар үйіндісі шығарылды. Қазіргі сәтте көшелер мен тротуарларды қардан тазартау және үйілген қарды қала сыртына шығару жұмыстары жалғасуда. Бүгін қалада ауа райы ашық. «Қазгидромет» мекемесінің болжамы бойынша енді алдағы тәуліктерде қар жаууы күтілмейді.