Алматыда ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Лондонда өтетін Жазғы олимпиада ойындарына арналған көрме ашылады
Көрмеге British Council ұйымының ұйымдастырумен өткізілген көркемөнер жұмыстары сайысынан өткен және биылғы жылғы қатысушылардың 30-ға жуық туындылары қойылатын болады.
Осымен екінші рет өткізілген өнер сайысының тақырыбы биыл Лондондағы Жазғы олимпиада ойындарына арналса, өткен жылғы байқау екі ел арасындағы мәдени байланыстарға арналған болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау биылғы жылы көктемде басталып, іріктеу қараша айында аяқталған.
Байқауға қылқалам шеберлерін дайындайтын оқу орындарының студенттерi, мектеп оқушылары, сонымен қатар, клубтар мен үйірмелердің жас суретшiлері қатысты. Кәсіпқой суретшілерден тұратын қазылар алқасы байқау барысында үздік деген 100 -ден астам жұмыстарды таңдап алған. Көрмеге соның ішіндегі ең үздік туындылар қойылатын болады.
Көрменің ашылу салтанатында аталмыш байқаудың жеңiмпаздары мен жүлдегерлері марапатталатын болады. Бас екі жүлдеге 500 АҚШ доллар көлемiнде ақшалай сыйлық тағайындалды. Бұнымен қатар, жеңімпаздарға British Council сертификаттары мен суретшiлерге арналған арнайы сыйлықтар табысталатын болады.
British Council - білім мен мәдениет мәселелеріне байланысты Ұлыбританияның халықаралық ұйымы. Қазақстанда 1994 жылдан бастап жұмыс істейді.