Алматыда Елбасының мүсіні орнатылған монумент ашылды - бұл зиялы қауым өкілдерінің ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасаған тартуы

МАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Қазақстан» деп аталатын мемориалдық кешен ашылды. Оның дәл орталығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің мүсіні орнатылған.
None
None

Ел жетістігін бейнелейтін композиция қола, гранит, мәрмәр тастарынан қыран құстың қанаты сұлбасында жасалған. Мүсіннің артқы бетінде орналасқан қыранның екі қанатында Қазақстан тарихында елеулі орын алатын екі қала - Астана мен Алматы бейнеленген. Оның биіктігі 5 метр. Ал, Елбасы ескерткішінің биіктігі - 4 метр.

Мемориалдық кешен Қазақстан шаһар құрылысшылары Одағы мен Сәулетшілер Одағының, сондай-ақ, Қазақстан дизайнерлері мен Суретшілер Одағының бастамасымен, өз қаражаттарына орнатылды. Монументтің авторы - мүсінші Шоқан Төлеш.

«Тұңғыш Президентімізге қойылған ескерткіш 9 ай ішінде жасалды. Елбасыны Алатаудың бір шыңы ретінде бейнеледім, сол үшін де креслоға емес, таудың шыңына отырғыздым. Өйткені ол шынымен де шыңдарды бағындырған, елімізді әлемге әйгілі еткен ұлы тұлға. Ал, екі қаланың бейнеленуі - еліміздің өткені мен бүгіннің байланысын, тәуелсіз ел ретінде қалыптасуымызды білдіретін егеменді еліміздің бір символы. Ол суреттер ұлттық нақышта өрнектеліп жасалды. Қыранның екі қанатындағы Елбасының қанатты сөздері алтын жалатылған әріптермен жазылған», - деді ескерткіштің авторы.

Оның айтуынша, бұл зиялы қауым өкілдерінің ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасаған тартуы.

Монументтік-мүсіндік композицияның салтанатты ашылуы рәсіміне еліміздің зиялы қауым өкілдері, мәдениет, өнер қайраткерлері мен ел қалаулылары қатысты.

Кешеннің ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі: «Биыл халқымыздың орындалған арманы, келешегіміздің алтын қазығы - Тәуелсіздікке 20 жыл. Аз ғана уақыт ішінде Елбасы бастап, барша халық болып қолдап, әлемге танымал ел болдық. Бүгінде Қазақстан экономикасы дамыған, бейбіт өмірдің жаршысы, ынтымақ-бірлігі бекем мемлекет. Қазақта «Елдің атын, ер шығарады», дейтін ұлағатты сөз бар. Егер ақиқатын айтып, әділіне жүгінсек, осы ұлы жетістіктердің барлығы еліміздің тұңғыш Президенті есімімен тікелей байланысты. Қайраткер тұлға, білікті саясаткер ретінде дүниежүзі алдымен Елбасын танып, сол арқылы қазақ деген елді қадір тұтатын болды. Қазір бүкіл әлем халқымыздың ақ ниет абзал ісі мен қажырлы еңбегіне құрметпен қарайды. Бұл баршамыздың жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялататын ұлы жетістік. Тәуелсіздіктің туын көтерген азаматына елі сенді, халқы қолдады. Сенім мен береке-бірліктің арқасында алға қарыштап дамып келеміз», - деді.

Шара барысында сенатор Қуаныш Сұлтанов Елбасымызға басқа шетелдер де құрмет көрсетіліп, Түркия елінде ескерткіш орнатылып жатыр деп атап өтіп: «Бүгінгі сәулеткерлік композиция - тәуелсіз мемлекетіміздің символы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің ел алдындағы қыруар еңбегіне, мемлекеттік қайраткерлігіне берілген әділ баға, тарихи таным деп қабылдағанымыз орынды. Ескерткіш елге, жерге құт, тарихта мәңгілік болсын», - деді.

Соңғы жаңалықтар