Алматыда электр энергиясының алдағы 20 жылға жететін қоры жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат-Алматыда соңғы 6 жыл ішінде электр энергиясының алдағы 20 жылға жететін қоры жасалды. Бұл туралы бүгін Алматыда БАҚ өкілдері үшін қаладағы энергия кешендері бойынша жасалған көшпелі жиын барысында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқармасының мүшесі, «Тарату және өткізу» дивизионының директоры Ғани Сәлімжуаров мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, соңғы 6 жылда Алматы қаласын электр энергиясымен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 жаңа қосалқы электр стансалары салынған.

«Біз 2006 жылы Алматы қаласын электр энергиясымен толық қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама қабылдадық. Соның аясында 2007 жылдан бастап, қалада жаңа қосалқы стансалар салына бастады. Бүгінде олардың саны 30-ға жетті. Әрқайсысының қуаты 110 мың киловольтты құрайды. Осылайша, біз Алматы қаласы үшін қосымша 3000 мегаватт электр энергиясын енгіздік. Олардың 2,5 мыңын жаңадан салынған қосалқы электр стансалары өндірсе, 550 мегаватт қайта қалпына келтірілген қосалқы электр стансаларынан бөлінеді. Аталмыш бағдарлама 2013 жылдың желтоқсан айында аяқталды» - деді өз сөзінде Ғ. Сәлімжуаров.

Сонымен қатар, Ғани Ғалиоллаұлының айтуынша, қалада электр энергиясы саласын жандандыру, жаңарту жұмыстары одан әрі жалғасуда. «Алматы қаласының электрмен қамтамасыз ету саласын дамыту» бағдарламасы қабылданған. Ол 2020 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

«Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 170 млрд. теңге бөлінді. Жоспар бойынша биыл, 2014 жылы 9,2 млрд. теңгені игеруіміз қажет. Ол жоспар жүзеге асып жатыр. Бұл қаржыға электр энергиясын тарату желілерін саламыз және әр түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі» - деді Ғ. Сәлімжуаров.

Айта кетелік, 2006 жылға дейін қалада барлығы 54 қосалқы станса болған. Оларға енді жаңа 30 станса қосылып отыр.

Соңғы жаңалықтар