Алматыда еліміздің үздік кардиологтары мен терапевтері марапатталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда терапевтердің I Еуразиялық съезі мен Қазақстан кардиологтарының VI конгресі ашылды. Оған ТМД мен алыс шет елдерден 400 жуық делегат қатысуда.
None
None

Ашылу салтанатында ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Раушан Қабыкенова: «Бұл съезд елдердің денсаулық сақтау саласындағы қарым-қатынастарын нығайту және ғаламдық медициналық мәселелерді шешуде ынтымақтастық орнату мақсатында өткізіліп отыр. Шешетін мәселелер көп. Басты назар аударатын жайт - халықтың өмір сүру сапасын, өмір сүру ұзақтығын арттыру және медициналық қызмет көрсету сапасын халықаралық деңгейге көтеру», - деді.

Ал өз кезегінде сөз алған «Кардиологтар қауымдастығы» қоғамдық ұйымының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәлім Беркінбаев 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жетістіктеріне баса тоқталды. Ол отандық медицинаның даму үстінде екендігін, денсаулық сақтау саласында қаржыландыру мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесінің жақсарғандығын, сондай-ақ саламатты өмір салтын ұстануға ерекше көңіл бөліне бастағандығын тілге тиек етті. «Әсіресе, қан айналымына қатысты дерттерден болатын өлім-жітім азайды. Енді осы үрдістің әрі қарай жалғасуына күш салу керек» - деп түйді ойын профессор.

Төрт күнге созылатын съезде 140 маман сөз сөйлейді. Олар терапевтік және кардиологиялық қызметтерді ұйымдастыру, диагностикада жаңа медициналық технологияларды қолдану, жүрек-қан тамырлары, кардиологиялық және терапевтік аурулардың алдын алуға байланысты өз пікір-ұсыныстарын ортаға салады.

Раушан Қабыкенованың айтуынша, скринингтік бағдардарламалардың көмегімен ауруларды ерте бастан анықтаудың арқасында Қазақстанда қан айналымы дерттерінен болатын өлім-жітім екі есеге дейін азайған.

Форум аясында еліміздің үздік кардиологтары мен терапевтері марапатталды. Медициналық қызметкерлерге «Ақ жүрек» және «Раушан» құрмет белгілері табыс етілді.

Съезд соңында арнайы қарар қабылдау көзделуде. Онда денсаулық сақтау саласының басты мәселелері көрсетіліп, Қазақстанның терапевтік және кардиологиялық қызметтерінің жұмысын жетілдіру жолдары айқандалады.

Соңғы жаңалықтар