Алматыда «Энергия үнемдеу - болашаққа инвестиция» деп аталатын интернет -байқаудың қорытындысы шығарылды
![None None](/static/img/plug.webp)
Естеріңізге сала кетсек, байқау биылғы жылы 1-ші қыркүйекте жарияланған болатын. Байқаудың мақсаты - тұрғындар арасында энергияны үнемдеу идеясын насихаттау және жұртшылық назарын энергия ресурстарын үнемдеу мәселесіне аудару болып табылады. Шараны ұйымдастырушы - «АлматыЭнергоСбыт» компаниясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, Алматы қ. әкімдігінің, «Самұрық-Энерго» АҚ қолдауымен.
«Бүгінгі таңда энергия үнемдеу бос әңгіме емес, біздің әрқайсымызға қатысты тақырып, себебі бұл тек экономияның ғана емес, экологияның да мәселесі, сондықтан біз энергия ресурстарын оңтайлы пайдаланып, қоршаған табиғатты сақтап қалуды ойлауымыз қажет. Осы мәселеге көпшіліктің назарын аудару үшін біздің компания осы байқауды өткен жылдан бері өткізіп келеді. Бізді жылдан-жылға бұл мәселеге немқұрайлылықпен қарайтын адамдар санының азайып келе жатқандығы қуантады»,-деді «АлматыЭнергоСбыт» компаниясының бас директоры Михаил Гамбургер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 1 қыркүйектен 31 қазан аралығында, арнайы құрылған сайтқа (es.nur.kz) 300-ден астам жұмыстар келіп түскен, ал, байқауға жалпы саны 100-ге жуық адам қатысқан, оның 59 тұтынушы, 34 кәсіби дизайнерлер. Жұмыстар үш критерий бойынша бағаланды: «Байқаудың мақсаты мен міндетіне сәйкестігі», «Идеяның бірегейлігі» және «Қабылдауға жеңілдігі». Әділқазылар алқасы екі аталым бойынша - кәсіби дизайнерлер мен тұтынушылардың жұмыстары бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Сонымен, биыл кәсіби дизайнерлер арасында 1 орынды «Энерго» атты жұмысы үшін Марсель Нурмуханбетов жеңіп алды. Оған байқаудың ресми серіктестігі - «Қазкоммерцбанк» АҚ -ы банктің карточкасы мен 150 мың теңге ақшалай сыйақыны салтанатты түрде табыс етті.
Ал, екінші орынды - «ЭНЕРГОробо» жұмысымен Алена Шаповалова жеңіп алды. Үшінші орынға - «Улитка и лого» жұмысы үшін Вета Попова лайық деп танылды. Екеуіне де Trust кәсіби графикалық планшеті табыс етілді.
Ал, екінші аталым бойынша, тұтынушылар арасында 1 орынды - «Внеземной разум» атты құпиялы жұмысымен Ольга Богенбаева жеңіп алды. Екінші орынды «Око энергосбережения» атты жұмысымен Ольга Ткаченко иеленді. 3 орын - Сергей Лянға бұйырды. Ол «Символ энергосбережения 3» атты жұмысты ұсынды. Жеңімпаздарға демеушілер атынан нетбуктер, планшеттік компьютерлер мен көп функционалды электрондық кітаптар табысталды.
Бұдан басқа барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдар табыс етілді, кейбір жұмыстар қазылар алқасының шешімімен ынталандыру жүлделерін иеленді, сондай-ақ байқау салтанаты аясында «Көрермендердің көзайымы» жүлдесі табыс етілді.
Қазылар алқасының айтуынша, байқауға қатысушылардың ең үздік жұмыстары бір ай бойы Алматы қаласының билбордтарында орналасатын болады, ал үш үздік жұмыс «Қазкоммерцбанктің» банктік карточкаларының жаңа сериясының дизайнына негіз болмақ.
Байқаудың серіктестігі Қазкоммерцбанк пен «NUR.KZ» интернет-порталы.