16:08, 28 Мамыр 2015 | GMT +5
Алматыда ер адам түрмеге героин сіңірілген шұлықтарды өткізбек болған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы тергеу абақтысының қызметкерлері ісі тергеуде болып, сонда қамауға алынған әйелге есірткілік затты айлалы түрде жіберудің алдын алды, деп хабарлады оңтүстік астананың ҚАЖ департаментінен.

Сәлем-сауқаттарды тексеру кезінде мекеме қызметкерлері қамауда отырғандардың біріне жіберілген шұлықтарға назар аударған. Тәртіп сақшылары қырағылығының арқасында шұлықтарға есірткілік зат сіңірілгені анықталды. Сот-химиялық сараптама оның героин екендігін көрсетті.
«Героиндік» сәлемдеме есірткілік заттармен байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке (ҚР ҚК-нің 297 бабының 3 тармақшасы) тартылған әйелге жіберілгенін атап өту керек. Аталған бап мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады, деп атап өтті Алматы қалалық ҚАЖ департаментінен.