Алматыда ерікті халық жасақтары құрылуда
Бұл жөнінде Алматыда өткен полиция қызметін бақылау бойынша қоғамдық Кеңестің кезекті отырысында қалалық ІІД бастығы Серік Күдебаев мәлім етті, деп хабарлайды аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі.
«Ерікті халық жасақтарын қайта жандандыру - тиімді шара. Полиция қызметкерлері қоғамдық көмекшілермен бірлесе қала көшелерін қадағалайды, ал арнайы студенттік отрядтардың күшімен жастар арасында құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алу шаралары жүргізіледі» - деді С. Күдебаев.
Қоғамдық Кеңестің мүшелері осындай қоғамдық құрылымдардың жұмыстарын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізді. Барлық келіп түскен материалдар енді Ішкі істер департаментінде сарапталып, қажет болып жатса іс жүзінде жүзеге асырылатын болады.
«Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - полиция қызметінің негізгі бағыты. Басқа елдердің тәжірибелеріне сүйенсек, қоғамда оперативтік ахуалды тұрақтандыруда полиция мен тұрғындардың өзара тығыз қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сондықтан құқық қорғауға бағытталған қоғамдық құрылымдарды дамытуға арналған аймақтық бағдарламаны әзірлеу қажет» - деді өз сөзінде қоғамдық Кеңестің төрағасы Болат Баекенов.
Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық Кеңес биыл осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ал өткен кездесуде көкейкесті мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар енгізілген болатын.