Алматыда есірткіге еліккендердің ентігі басылып келеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда есірткіге тәуелді жандардың саны өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 15 пайызға азайған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне медициналық әлеуметтік түзету наркологиялық орталығының бас дәрігерінің орынбасары Руслан Әлиев айтты.
None
None

«Алматыда биыл 1 наурызда өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда есірткіге тәуелді жандардың саны орта есеппен 15 пайызға азайған. Биыл олардың саны 34013 адам болса, оның ішінде ащы суға тәуелді адамдардың саны - 30318, нашақорлар -3601, токсикомандардың саны 31 адамды құрады. Әйелдер арасында алкогольге тәуелді - 2811, есірткіге тәуелді - 430 адам тіркелген. Жасөспірімдер арасында 965 бала алкогольге тәуелді болса, 8 баланың есірткі пайдаланатыны, 4 бала токсикоман екендігі анықталды», - деді Руслан Әлиев. Маманның айтуынша, қаладағы есірткіге тәуелді жандардың санының азаюына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олардың бірі - аудандық әкімшіліктер жанындағы арнайы комиссиялардың, құқық қорғау органдарының, мүдделі ұйымдардың, наркологиялық орталықтың, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының белсенді профилактикалық іс-шараларының арқасында болып отыр. «Есірткіге тәуелді жандардың санын азайту мәселелері мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында кеңінен қарастырылған. Сондай-ақ, аймақтық «2012-2016 жылдарға арналған нашақорлық пен наркобизнеске қарсы күрес» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілген көптеген шаралар нашақорлардың санының азаюына ықпал етіп отыр», - деді медициналық әлеуметтік түзету наркологиялық орталығының бас дәрігерінің орынбасары Руслан Әлиев.

Соңғы жаңалықтар