Алматыда есірткітекті және психотроптық дәрілерді сақтау ережесін бұзған медбике жауапкершілікке тартылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Допинг» шұғыл алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлері медициналық мекемелердің бірінен есірткітекті және психотроптық заттарды сақтау және ұстау ережелерінің бұзылғандығын анықтады. Бұл жөнінде бүгін қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«13 мамыр күні сағат 15:00-де біздің бөлімшенің қызметкерлері жергілікті учаскелік инспектордың көмегімен медициналық мекемелердің бірінен есірткітекті және психотроптық заттардың сақталу ережелерінің және оларды тиісті есепке алу тәртібінің бұзылғандығын анықтады. Нақты айтар болсақ, қазір айналымнан мына препараттар алынды: фентанил - 245 ампула, брюзепам - 272 ампула, промедол - 49 ампула. Ережелерді бұзғаны үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жауапты медбике жазаға тартылды. Одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды», - деді Алматы қаласы ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Азамат Садыров.
Ол, сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың есуастандырғыш және улы заттарды, оларға қоса прекурсорларды, яғни есірткі өндіруге қолданылатын заттарды есепке алу және сақтау жұмыстарына жауапкершілікпен қарау керектігін жеткізді.
12 мамыр күні қолға алынған «Допинг» шұғыл алдын алу шарасы 16 мамырға дейін жалғасады. Акция барысында полиция қызметкерлері елге есірткі жеткізу жолдарын анықтау және жолын кесу, сонымен қатар бақылаудағы есірткі, улы және прекурсорлардың кему жолдарын анықтау және жолын кесу мақсатында мемлекеттік медициналық мекемелерде тексеру жұмыстарын жүргізуде.