Алматыда ғалымдар азаматтық құқықтағы адалдықтың мәнін талқылау үшін бас қосты
![None None](/static/img/plug.webp)
Конференцияға ғалымдар, заңгерлер, мемлекеттік орган қызметкерлері, сонымен қатар Германия, Ресей, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Эстония, Молдова және Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Құқық саласының танымал тұлғалары бас қосқан алқалы жиынды Каспий қоғамдық университеті Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Майдан Сүлейменов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Алғаш мінберге көтерілген Каспий қоғамдық университетінің ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, PҺD докторы Жолдасбек Нүсенов, Германиядағы Бремен университетінің профессоры, құқық докторы Рольф Книпер және Тарас Шевченко атындағы Киев университеті азаматтық құқық кафедрасының профессоры, Украина ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Наталия Кузнецова, ҚР Жоғарғы Соты Конституциялық кеңесінің мүшесі Анар Жайылғановалар жиналғандарға жылы лебіздерін білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ашылу салтанаты кезінде Рольф Книпер мен Наталия Кузнецоваға Каспий қоғамдық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.
Бұдан кейін профессор Сүлейменовтің азаматтық құқықтағы адалдық және оның тәжірибесі мен теориясындағы мәселелер төңірегінде кең көлемді ғылыми баяндамасы тыңдалды. Екінші болып мінберге шыққан неміс ғалымы Рольф Книпердің ғылыми баяндамасы жиналғандардың көңілінен шықты.
Конференция қатысушыларының айтуынша, азаматтық құқықтағы адалдық мәселесі Қазақстанда әлі зерттелмеген дерлік, бұл түсініктің елімізде пайда болғанына көп бола қоймаған көрінеді. Сондықтан сот тәжірибесінде кең тарамаған сыңайлы. Екі күнге созылған алқалы жиында жер-жерден келген азаматтық құқықтағы адалдық, азаматтық заңнамадағы әділеттілік тақырыбын кәсіби зерттеп жүрген ғалымдар мәселенің даулы тұстарын қызу талқыға салды. «Кеңесе пішкен тонның келте болмасын» ескерсек, болашақта аталған мәселенің оң шешімін табарына сенім мол.