Алматыда Халықаралық «BalaTurkvizyon» ән байқауы басталды (ФОТО)

Байқау шымылдығын салтанатты түрде «Жандану әлемі» Қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаева ашып берді.
Өзінің алғы сөзінде Әлия Нұрсұлтанқызы түркі әлемінде тұңғыш рет балалар арасында қолға алынып отырған байқаудың сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
«Біздің ел бүгін Халықаралық «BalaTurkvizyon» балалар ән байқауының тұсауын кеседі. Біз бұл құқықты кездейсоқ алған жоқпыз. Қазақстан - ұлы өнер тұлғаларының отаны. Мен бұл байқау жаңа өнер жұлдыздарының есімін күллі әлемге танытатындығына сенімдімін. Олар өздерінің талантымен, шабытымен қазақ халқының мәдениетін төрткүл дүниеге паш етеді. Байқаудың ғұмыры ұзақ болсын. Ал жас дарындарға жаңа биіктерге көтеріле берулеріне тілектеспін. Олар шын жүректен табыстар тілеймін», - деді Ә. Назарбаева.
Осыдан кейін Әлия Нұрсұлтанқызы сахнада тұрып, халықаралық байқаудың символикалық түймесін, тұсауын кесті. Осы сәттен бастап, аталмыш ән сайысына қатысатын түркі әлеміндегі елдерде ұлттық іріктеу шаралары басталады.
КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, атақты скрипкашы Айман Мұсақожаева, Халықаралық «Turkvizyon-2014» ән байқауының жүлдегері Жанар Дұғалова, Сочи Олимпиадасының жүлдегері Денис Тен, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов және басқа да белгілі тұлғалар байқаудың ашылу салтанатының құрметті қонақтары болды.
Айта кетелік, байқаудың басты демеушісі - «Жандану әлемі» Қоры. Ал ашылу салтанатының басты серіктесі - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры.