Алматыда халықаралық көрмеге машина жасау және пластмасса өндірісі саласының жаңа өнімдері қойылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Балуан шолақ атындағы спорт сарайында дәстүрлі «Central Asia Machine World» 7-халықаралық жабдықтар көрмесі мен «Central Asia Plast World» - 7-халықаралық пластмасса индустриясы көрмесі ашылды.
None
None

Оған әлемнің 16 елінен 70-тен астам ірі компаниялар қатысып жатыр. Олардың ішінде Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина, Польша, Болгария, Германия, Франция, Чехия, Швейцария, Испания, Италия, Үндістан, Жапония, Түркия, АҚШ және Орталық Азия елдерінің ірі компаниялары бар.

Әсіресе, биыл тұңғыш рет Қытайдың барлық провинциясынан ең ірі 40 компания өздерінің ең заманауи өнімдерін ұсынып отыр.

«Бұл көрмелерге машина жасау және пластмасса өндірісі саласында қызмет атқаратын отандық және шет елдік компаниялар үлкен қызығушылық танытып жатыр. Биыл әлемнің 16 елінен 70-тен астам компания қатысып жатыр. Солардың ішінде отандық компаниялардың үлес салмағы 20 пайызды құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 15 пайызды құраған болатын. Сондай-ақ, биыл «B2B», яғни «Бизнес Бизнес үшін» бағдарламасы аясында кәсіби сатып алушыларды өндірушілермен кездестіру шарасы ұйымдастырылды. Бұл үшін біздің агенттер күн сайын Қазақстанның әр қаласынан ірі-ірі компаниялардың өкілдерін алып келу және алып кету жұмыстарын атқарады. Болашақта аталмыш көрмені Қазақстанның басқа да қалаларында өткізуді және тұрақты түрде елордамыз Астана қаласына көшіруді жоспарлап отырмыз», - деді көрменің менеджері Мақпал Әубәкірова.

Айта кетелік, өткен жылғы көрме барысында оған қатысқан компаниялардың 70 пайызы отандық кәсіпорындармен келісім-шарт жасасқан екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл одан көп болады деп күтілуде.

Көрме екі күнге созылады.

Соңғы жаңалықтар