Алматыда Халықаралық мұражайлар күніне орай мерекелік шаралар өтіп жатыр

«Бүгін бізде думанды мерекелік шара өтіп жатыр. Оны той деп айтсақ та болады. 18 мамыр - Халықаралық мұражайлар күні екені белгілі. Ал бізде Алматы әкімдігінің шешімімен бұл күн бүгін аталып аталып өтуде. Бүгін қала тұрғындары, қонақтары мұражайға келіп, өнер туындыларын тегін тамашалай алады. Сонымен қатар, біз мерекелік шараны Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе өткізіп жатырмыз. Сәйкесінше, мұражайдың фойесінде бірқатар жергілікті этномәдени бірлестіктердің ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық киімдер мен тағамдарға қатысты көрмесі және концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар,мұражайда қызмет атқаратын белгілі отандық суретшілер және шет елдерден шақыртылған танымал суретшілер Юрий Тарлер (Нью-Йорк) мен Александр Кравчуктің (Санкт-Петербург) шеберлік сыныптары өтеді. Бұдан басқа, келушілер назарына Алматы технологиялық университеті мен Алматы көркемсурет училищесінің сән топтамасы ұсынылады», - деді өз сөзінде Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының ғылыми қызметкері, өнертанушы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Гүлнар Жұбаниязова.
Сонымен қатар, Гүлнар Қуандыққызы биылғы жылдың Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы үшін айрықша жыл екендігін атап өтті.
«Биыл біздің мұражайдың құрылғанына 80 жыл толып отыр. Мұражайды бүгінде Қазақстанның бетке ұстар өнер ордасы деп айтуға болады. Мұражай қорында қазіргі таңда 25 мыңнан астам өнер туындысы сақталған. Олардың арасында бейнелеу өнерінің бес ғасырлық тарихын қамтитын, Қазақстан, Еуразия, Батыс Еуропа және Шығыс елдерінің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін туындылар бар. Сондай-ақ, Қазақстанның бейнелеу өнеріне қатысты үздік ұлттық мәдени мұралар да осы мұрадайда жинақталған. Қазіргі таңда мұражай ғылым, мәдениет, шығармашылық инновация, коммуникация, қала берді білім мен тәрбие мекеніне айналды. Бұл жерде көрмелер қатар, концерттер, оқу семинарлары және өнер фестивальдері өтіп тұрады», - деді Г. Жұбаниязова.
Ал музейде түрлі мерекелік шаралар таңғы сағат 10:00-де басталды. Солардың бірі - «Мүсіндер паркіндегі» интерактивті пленэр (ашық аспан аясында сурет салу) шарасы. Бұған қатысқан әрбір суретшінің шығармасы кейін «Мұражай - келушілер көзімен» атты көрмеге қатысады. Үздік деп танылған туындылардың авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Бұдан өзге, мұражай қабырғасында тұңғыш рет «Көшірмесін мұражайдан тапшы» деп аталатын ерекше көркемдік акция өтіп жатыр. Бүгінгі мереке басталардың алдында музей экспозициялары арасына бір картина қойылыпты. Бірақ ол тұпнұсқалық авторлық жұмыс емес. Көшірме. Соны келушілер табуы керек. Дәл тапқан адамға бағалы сыйлық табыс етіледі.
Сондай-ақ, келушілерге күні бойы тегін экскурсия жасалып, туындыларға қатысты лекциялар оқылады.
Айта кетелік, жыл сайын 18 мамырда бүкіл әлем бойынша мұражай қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Яғни, 18 мамыр - Халықаралық мұражайлар күні. Ол 1977 жылдан бері атап өтіліп келеді. Осы жылы 18 мамырда Мәскеу мен Ленинградта өткен Халықаралық мұражайлар кеңесінің кезекті отырысында, бұл күнді Халықаралық мұражайлар күні деп атау туралы Кеңес Одағы тарапынан жасалған ұсыныс қабылданды. Содан бері жыл сайын әлемнің 160-қа жуық елінде бұл мереке кең көлемде атап өтіледі.