Алматыда Халықаралық студенттер күніне және ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған байқау өтіп жатыр
![None None](/static/img/plug.webp)
Байқаудың ұйымдастырушылары - университеттің тәрбиесі жұмысы жөніндегі департаменті мен студенттер клубы.
Аталмыш байқау студент жастардың жас дәуренін текке өткіздірмеу, жаман әдеттерден аулақ ету, олардың заман ағымына ілескен зымыраған күндеріндегі бос уақыттарын әсерлі ән мен күй, күмбірлеген домбыра, мың бұралған би әлемімен қауыштыру мақсатында, былтырғы жылдан бастап университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен және қолдауымен өткізіліп келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірінші курс студенттері арасында өтетін, дәстүрге айналған көркемөнерпаздар байқауының бірінші кезеңіне 1300-ден аса бірінші курс студенттері қатысқан. Байқау алдымен факультеттер деңгейінде өткізіліп, екінші кезеңге 300-ге жуық студент жолдама алған. Бүгін осы өнерпаздардың ішінен жүзден жүйрік мыңнан тұлпар танылған жеңімпаздар «Эстрадалық ән», «Дәстүрлі ән», «Халықтық би», «Заманауи би» «Классикалық би», «Музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі», «Көркем сөз оқу шеберлігі», «Жас ақын» және т.б номинациялар бойынша анықталатын болады.