Алматыда ХІ халықаралық Жәутіков олимпиадасына 15 елден 400-ге жуық оқушы қатысуда
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында өтті.
«Бұл Олимпиада биыл 11-ші рет өткізіліп отыр. Оған Қазақстанның атынан 19 команда, яғни барлығы 133 оқушы қатысуда. Әр командада 7 оқушыдан бар. Олардың үшеуі математика, екеуі физика және қалған екеуі информатика пәніне бақтарын сынайды. Бұл олимпиадаға тек мемлекет атынан ғана емес, сонымен қатар арнайы мамандандырылған мектептердің де командалары жеке дара қатыса алады. Қатысушылардың жеке көрсеткіштерінің қосындысы арқылы команданың рейтингі анықталады. Гран-при, бірінші екінші және үшінші орын алған командалалар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады», - деді өз сөзінде аталмыш шараның басты ұйымдастырушысы Орынбек Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының директоры Қайрош Мәкішев.
Олимпиадада әрбір оқушы берілген тапсырманы өзінің туған тілінде жазады. Негізгі берілетін есептердің мәтіндері қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылады. Кейін, кезекті тур басталар алдында олар қатысушылардың ана тілдеріне аударылады.
Халықаралық қазылар алқасы құрамында әлемнің 9 елінің: Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия, Армения, ~зербайжан, Белоруссия, Украина және Өзбекстанның ғалымдары жұмыс істейтін болады. Қазылар алқасының төрағасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.
Қайрош Мәкішевтің айтуынша, Олимпиада деңгейі жыл санап өсіп келеді.
«Соңғы 8 жылдан бері Гран-приді Мәскеу университеті жанындағы физика-математика мектебі иеленіп келеді. Ал біздің мектептің командасы екінші орынды иеленді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан, биыл оқушыларымыз үздік нәтиже көрсетеді деген үміттеміз», - деді Қ. Мәкішев.
Айта кетелік, халықаралық О. Жәутіков олимпиадасын өткізуге ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы қолдау көрсетуде.