Алматыда ілбіс бейнеленген мурал қайта қалпына келтіріледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ілбіс (қар барысы) бейнеленген муралға байланысты «Coca-Cola Қазақстан» компаниясы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Біз ілбіс бейнеленген муралға қатысты жағдайға шын жүректен өкінеміз. Coca-Cola бренді адамдардың көңілін түсіруді емес, көтеруді ниет етеді және адамдарды біріктіруге тырысады. Әрбір компанияда жұмыс істейтін адамдар бар және кез келген адам қателесуі мүмкін. Бұл жолы біз де қателік жібердік. Ілбіс бейнеленген муралды ауыстыру туралы шешіміміз пайда көру, варварлық ниетпен немесе алматылықтарды ренжіту ниетінен туындаған жоқ. Өкінішке қарай, біз алдын ала барша жұртшылықтың пікірін сұрамай, ПИК-тің үй тұрғындарының келісімі туралы келісімімен муралды ауыстыруда асығыстық таныттық. Барыс бейнеленген суреттің авторынан да кешірім сұраймыз», - деп хабарлады компаниядан.

Сондай-ақ, компания өкілдерінің айтуынша, бастапқыда бұл мақсатқа басқа үйдің қабырғасы таңдалған болатын, бірақ тұрғындардан қажетті мөлшерде келісім ала алмадық – олар түнгі жұмыс кезінде шу бола ма деп алаңдайтынын жеткізді, өйткені жұмыс түнде де, күндіз де жүргізілуі керек еді.

«Содан кейін балама ретінде ілбіс бейнеленген қабырға ұсынылды. Осынау үлкен қателікке жол берген тәжірибемізден кейін біз ілбіс бейнеленген мурал алматылықтарға қаншалықты құнды екенін түсіндік. Біз өз муралымызды алып тастаймыз және ілбіс бейнеленген муралды қалпына келтіреміз»,- деп хабарлады компаниядан.

Сонымен қатар, жақында компания қайта өңделген пластиктен түрлі түсті көше орындықтарын жасап, оларды Горький атындағы саябаққа орнатты.

«Біз бұдан да көп орындық жасаймыз, сонымен қатар, қалада теннис үстелдерін орнатамыз, олардың үстіне жергілікті стрит-арт суретшілерінде сурет салынады. Біз қалаға серпінді және жарқын көрініс беруге, басқа да идеяларға ашықпыз. Біз қаламызды жақсы көреміз және алматылықтардан тағы да кешірім сұраймыз. Біз бей-жай қарамаған және азаматтық ұстанымын ашық білдіргендердің бәріне алғыс айтамыз»,- деп атап өтті компания өкілдері.

Бұған дейін Алматы әкімдігі тұрғын үйлердің біріне салынған ілбіс муралының неге ауыстырылғанын түсіндірген еді.


Соңғы жаңалықтар