Алматыда интернет-клубқа шабуыл жасағандар ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда интернет-клубқа шабуыл жасағандар қолға түсті. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Алмалы ауданында орналасқан интернет-клубтардың бірінде белгісіз үш адам күзетшіні пышағымен қорқытып, кассадағы табысты түгел қолды еткен. Қарсылық көрсеткен күзетші қолынан жараланған.

«Шабуыл жасағандар белгісіз бағытқа тайып тұрған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесі көрсеткендей, олардың әрекеттерінен тыңғылықты дайындалғаны байқалып тұрды», - деді Алмалы аудандық ІІБ басшысы Асқар Болатов.

Қылмысты ашуға құқық қорғау органдары барынша күш салды. Жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті ретінде үш ер адам ұсталды. Олар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңашар ауылының тұрғындары болып шықты.

«Үшеуі де бір жерде жұмыс істеген. Екеуі қаладағы құрылыс нысандарының бірінде бригадир болса, бірі - әрлеу жұмыстарымен айналысқан жұмыскер болып шықты. Қазір аталған тұлғалар ұсталды. Өздерінің жасаған қылмыстарын мойындап отыр», - деді Болатов.

Оның айтуынша, қазір күдіктілерге қатысты ҚР жаңа ҚК 192-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар
telegram