16:15, 23 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Алматыда инвестициялық форум өтеді
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Серік Қойбағаров/ - Алматыда қыркүйектің 24-інде ЕурАзЭҚ интеграциялық комитеті хатшылығының, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының, Ресей қаржы-өнеркәсіп тобы қауымдастығының, «Астана-Финанс» АҚ, Еуропа даму банкінің қатысуымен және қолдауымен Еуразиялық іскерлік кеңесі ұйымдастырған «Кедендік одақ - ЕурАзЭҚ-қа ықпалдастық серпін» атты инвестициялық форум өтеді.
Форум ЕурАзЭҚ мүше-мемлекеттері іскерлік орталарының өзара қарым-қатынастарын одан әрі нығайту және ЕурАзЭҚ Кедендік одағының қалыптасуына байланысты жаңа қолайлы жағдайларда инновациялық жобаларға инвестицияларды тарту мақсатында өткізіледі.
Іс-шараға ҚР Үкіметінің, ЕурАзЭҚ, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың, ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мемлекеттер өнеркәсіптік құрылымдарының өкілдері қатысады.
Форумның іскерлік іс-шарасы аясында Еуразиялық іскерлік кеңесі мен Еуропа даму банкі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады. Форум жұмысының қорытындысы бойынша қазіргі жағдайдағы Қауымдастық елдерінің іскерлік ынтымақтастығын дамыту және нығайту бойынша ұсыныстар даярланады деп жоспарлануда.